23.08.2023 ж. Оралда Тәуелсіз Қоғамдық Мониторинг жасау курсы өтті
Соңғы 2 жылда Қоғамдық мониторингтің күші мен пәрмені жойқын екеніне көзім жетті.
Халықтың мұңын билікке жеткізіп, проблемасын әкімдікке жеткізер белсенді азаматтар елдің сүйіктілеріне айналды.
Ащы шындық пен өрескел бұзушылықтарды қорықпай, тек көрсетіп қана қоймай, халық қаражатын игере алмағандарды жауапқа тартып, мәселелерді шешудің жолдарын ұсынушылардың, біздердің қатарымыз көбеюде.
Бұған ат салысатын және Қазақстанымыздың дамуын тілейтін әр саланың маманы мен сарапшылары, журналистер мен кәсіпкерлер, өнер тұлғалары мен қарапайым азаматтары өз көңілдерін білдіруде.
«Батылдықты айт, ерлікті айт».
«Кеңесіп іс басқару — келелі елдің белгісі, Жұмыла жұмыс атқару — Өрелі елдің белгісі», деп қазағым айтса,
«Білімді болу үшін оқу керек, Бай болуға кәсіп керек, Күшті болға бірлік керек», деп Ахмет Байтұрсынұлы нақыл қалдырды бізге.
Осының бәрін қорыта келе, Оралда алғашқы рет Тәуелсіз Қоғамдық Мониторинг курсын өткізу туралы шешім қабылдадым.
Алланың қолдауымен оған барлық жағдай жасалып тұр екен:
«Әділдік жолы» РҚБ-і мен «Kun Jarygy» коалициясындағы іскерлігім, олардың әлеуеті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасындағы белсенді позициям.
БҚО Қоғамдық кеңесінің қолдауы және ондағы мүшелігім.
Үйренгісі, білгісі, қатысқысы келетіндердің көптігі.
Олардың ішінде жұртқа танымал, Facebook пен Instagram жұлдыздары журналист Нұрлыбек Рахманов, депутат Ерлан Жуматаев, экосақшы Дәуренбек Сахым, белсенді Жанат Танабаева, блогер Нұрлыбек Баймурзилов және шоумэн Мұхтар Утесов бар.
Ал, қоғамға жақсылығымды жаямын, бизнестің дамуы — Елдің дамуы деп жар салып жүрген Санат Кумашев офисы мен дәмін ұсынды.
Әр саладан келген, ашық ойлы, білікті 16 қатысушының қызығушылығы мықты екен, заңның олқылығын, түптен кеткен бұзушылық пен шенеуніктердің жауапсыздығын дөп айтты.
Бұл орайда Президент Қ-Ж. Тоқаев 2020 жылы тапсырса да, «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның әлі де қабылданбағаны еске түсті.
Мемсатып алудың көптігіне байланысты, бір-бір бағытты не ауданды талдауға тапсырма алған азаматтар өз нәтижелерімен бір айдан соң бөлісуге бел буды.
Ең қызығы, жақында бәріміз бірге әкімнің бақылаусыз қалдырған, прокурордың көрмеген, техқадағалаудың көз жұмған кезекті объектісіне шығамыз.
Сонымен, goszakup.gov.kz порталын талдап, мектептің құрылысына, аурухананың жөнделуіне, асфальттың төселуіне мониторинг жүргізуді бір емес, он жерден бастаймыз!
Бауыржан Заки Ахметжан